Құрметті фестивальге қатысушылар мен қонақтар!
Алматы қаласының әкіміСатыбалды Дархан Амангелдіұлы
Театр — халықтың жүрегінде сөніп қалмайтын от. Ол тек өнер көрсету орны емес, ұлттың тарихи жадын, көркемдік талғамын және рухани құндылықтарын сақтап, жаңғыртып, келешекке жеткізетін қасиетті кеңістік. Осы тұрғыдан Алматының мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдық жолы ерекше мәнге ие.
2016 жылы құрылған театр осы қысқа ғұмырында дәстүр мен заманауилықтың нәзік балансын ұстап келді. Сахнасында ән мен күй, жыр мен терме, ұлттық би, тарихи-әдеби тақырыптар бір-бірімен үндесіп, көрерменге әртүрлі жанрлық бояуда ұсынылды. Бұл — ұлттық мұраны кәсіби деңгейде жаңғыртудың нақты әрі нәтижелі үлгісі.
«Алатаудың» ізденісі еліміздің шекарасымен шектелмеді. Халықаралық сахналардағы өнер көрсетулері, өңірлердегі гастрольдер, жастармен жүргізілген шеберлік сабақтары мен инклюзивті жобалар театрды тек өнер ордасы ғана емес, қоғамның рухани тіршілігіне белсенді араласатын ашық алаңға айналдырды.
Алматы — еліміздің мәдени және шығармашылық күш-қуаты тоғысқан орталық. Қаладағы театрларға қолдау көрсету, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау — біздің мәдени саясатымыздың басты бағыттарының бірі.
Он жыл — бір ұжымның ортақ еңбегінің жемісі. Сахнада еңбек еткен өнерпаздар мен мамандардың, шығармашылық және әкімшілік қызметкерлерінің табанды ізденісі осы мерейтойға жеткізді.
Театрдың он жылдығына арналған фестиваль — «Алатаудың» шығармашылық жолын атап өтіп, дәстүрлі өнердің бүгінгі тынысын кеңінен танытатын маңызды мәдени оқиға. Фестивальге қатысушылар мен ұйымдастырушыларға табыс, театр ұжымына шығармашылық шабыт тілеймін.